Ақсу аудандық кітапханасы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «70 жұлдызды күн» акциясы аясында «Ерлік даңқы мәңгі есте» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Кешке Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Мейірманов, қаламгер, жазушылар Одағының мүшесі Т.Есеболатов қатысты. Қарт майдангер жас ұрпақ өкілдерімен тағылымды естеліктерімен бөлісіп, Т.Есеболатов аты аңызға айналған туған бауыры, Кеңес Одағының батыры, 28 панфиловшылардың бірі Н.Есеболатовқа арналып Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жиырма сегіздің бірі» атты жаңа кітаптың жарық көргенін айтып, кешке қатысқан жерлестерімен, жастармен қазақстандық майдангерлердің ерлігі туралы ой — толғамдарымен бөлісті.
Кеш барысында кітапханашы С.Рахипбекова «Ұлы Жеңіс – өшпес өнеге» атты кітап көрмесімен таныстырып, Ж.Сыдықов атындағы орта мектебінің оқушыларының даярлаған соғыс тақырыбындағы сахналық қойылым, слайд көрсетілді. Мәдениет үйінің қызметкерлері Е.Траисов, Е.Нұрсейіт «Біздің Отан жеңеді», «Қазақстан» , «Жеңіс күні» әндерін орындап, кеш соңында құрметті қонақтарға кітапхана атынан естелік сыйлықтар табысталды.